8 шілде күні «Экоәлем» жазғы бейіндік лагерінде балалардың дүниетанымын кеңейтуге, танымдық қызығушылығын, логикалық ойлау қабілетін және топпен жұмыс жасау дағдыларын дамытуға бағытталған «Балаларға әлемдегі барлық нәрсе туралы» атты интеллектуалдық-танымдық іс-шара өткізілді.
Іс-шара ойын түрінде ұйымдастырылды. Қатысушылар екі командаға бөлініп, түрлі тапсырмаларды орындады. Балалар «Табиғат», «Жануарлар», «Ғарыш», «Әлем елдері», «Ғылым мен техника», «Салауатты өмір салты» және «Қызықты деректер» тақырыптары бойынша викторина сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар жұмбақтар шешіп, ребустарды тапты, логикалық есептерді орындап, тапқырлыққа арналған сайыстарға қатысты.
Іс-шара барысында балалар белсенділік, білімге құштарлық, зеректік және бірлесе жұмыс істей білу қабілеттерін көрсетті. Барлық қатысушылар тапсырмаларды үлкен қызығушылықпен орындап, бір-біріне қолдау көрсетіп, жеңіске жетуге ұмтылды.
Барлық балалар көтеріңкі көңіл күйге бөленіп, жаңа білім алып, жағымды әсермен тарқасты. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қызықты әрі танымды өтті. Ол тәрбиеленушілердің зияткерлік қабілеттерін дамытуға және дүниетанымын кеңейтуге ықпал етті.
