9 шілде күні «Экоәлем» жазғы бейіндік лагерінің тәрбиеленушілеріне арналған «Жаз, күн, достық – балаларға керегі осы!» атты спорттық-сауықтыру бағдарламасы өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – балалардың жазғы демалысын көңілді әрі мазмұнды ұйымдастыру, олардың ептілігін, жылдамдығын, командалық рухын дамыту және достық қарым-қатынасты нығайту.
Балалар екі командаға бөлініп, қызықты әрі көңілді эстафеталық жарыстарға қатысты. Олар допты дұрыс алып жүруді үйреніп, доптармен және шығыршықтармен (обруч) өткізілген эстафеталарға қатысып, бірлесіп әрекет етудің, команда болып ойнаудың маңызын түсінді.
Іс-шараны ұйымдастыру барысында ең басты міндет – балаларды белсенді қатысуға ынталандыру болды. Эстафеталардың жоғары деңгейде өтуіне қолайлы, жағымды орта қалыптастырылды. Жарыс барысында балалар ойынға белсене араласып, өз командаларына жанкүйер болып, бір-біріне қолдау көрсетті. Әр тапсырманы үлкен қызығушылықпен орындады. Кейбір қателіктер болғанымен, балалар берілмей, қашықтықты соңына дейін жүгіріп өтіп, эстафетаны келесі ойыншыға табыстап отырды.
Эстафеталар балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып дайындалды. Атап айтқанда, секіртпемен секіру, фитболда секіру, ептілік пен қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамытуға, сондай-ақ ұжымның бірлігін нығайтуға арналған түрлі ойындар мен жарыстар ұйымдастырылды.
