17 шілде күні «Экоәлем» жазғы бейіндік лагерінің тәрбиеленушілері арасында «Гүлдерден жасалған костюмдер» атты шығармашылық байқау өткізілді.
Іс-шараның мақсаты: балалардың шығармашылық қабілеттері арқылы экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қиялын дамыту, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеу және тұрмыстық қалдықтарды қайта пайдаланудың мүмкіндіктерін көрсету.
Байқау барысында балалар өздерінің креативтілігі мен табиғатқа деген жанашырлығын көрсетті. Олар ескі киімдерді, газеттерді, полиэтилен пакеттерін және қажетсіз заттарды пайдаланып, ерекше әрі сәнді киім үлгілерін жасап шықты.
Бұл іс-шара баршаға жауапты тұтынудың және табиғатты қорғаудың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды. Әрбір қатысушы өзін дизайнер ретінде сезініп, қажетсіз заттарға екінші өмір сыйлау арқылы табиғатты сақтауға өз үлесін қосты.
Қатысушылар қоқыстың шығармашылыққа арналған құнды материалға, ал қажетсіз заттардың сәнді киімдер жасауға негіз бола алатынын дәлелдеді. Адам қиялы қарапайым қалдықтарды нағыз өнер туындыларына айналдыра алатынына куә болдық.
Біз ескі газеттерден, полиэтилен пакеттерінен және күнделікті тұрмыста тасталатын түрлі материалдардан жасалған таңғажайып көйлектер мен ерекше сән үлгілерін тамашаладық. Әрбір киім – жай ғана сәндік бұйым емес, ол табиғатты қорғауға бағытталған батыл ой мен болашаққа деген жауапкершіліктің көрінісі.
Эко-сән – өмір салтымызға айналсын!
